12:01, 05 Наурыз 2009 | GMT +5
«Еуразияның экономикалық қауіпсіздігі жаһандық тәуекелдер жүйесінде» интернет-форумы - халықаралық талдаушылардың пікір алаңы
АСТАНА. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат /Нарымбек Ысмағұлов/ - Наурыздың 11-13-і аралығында елордада «Еуразияның экономикалық қауіпсіздігі жаһандық тәуекелдер жүйесінде» деген тақырыпта ІІ Астана экономикалық форумы өтеді.
Бұл күндері Астана нақты ұсыныстар мен тәжірибелік кеңестерді жан-жақты талқылау алаңына айналады. Бұл жиынға мемлекеттік қайраткерлер, халықаралық ұйымдардың басшылары, бизнес пен ғылыми қоғамдастықтың өкілдері қатысуға келісімдерін беріп отыр. Форумға бір апта уақыт қалды, бірақ қазірден бастап саясаткерлер мен экономистер, қарапайым азаматтар форумның интернет-парақшасында кездесіп, әлемдік қаржы дағдарысының салдарын еңсеру проблемасы бойынша өз ой-пікірлерімен бөлісуде.
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ-ның ғылыми жұмыстар жөніндегі вице-президенті, Аумақтық-салалық дамуды жоспарлау орталығының директоры, экономика ғылымдарының докторы Жәмилә Бопиева ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында, өткен жылдың соңы мен ағымдағы жылдың басы экономикалық дағдарысты еңсеру жөніндегі шараларды талдау мақсатында жоғары деңгейде өткен бірқатар халықаралық кездесулермен мазмұны артқанын атап өтті. Бірақ та осы кезеңге дейін жаһандық дағдарысты жеңудің ортақ стратегиясы табылған жоқ. Дағдарыс проблемасын шешуге барша адамзаттың мүдделі екені анық.
«Осыған байланысты біз өздерінің жеке ұсыныстарымен бөліскісі келетін респонденттерді кеңінен қамту туралы шешім қабылдап отырмыз. ІІ Астана экономикалық форумына әзірлік аясында біз наурыздың 1-і мен 11-і аралығында жұмыс істейтін интернет-форум аштық. Біздің бағалауымызша, оңтайлы және айрықша идеялар тек кәсіби экономистер мен саясаткерлердің академиялық ортасынан ғана туындамайды. Бұл санатқа кірмейтіндерден де маңызды шешімдер түсуі мүмкін. Дағдарыс барша жұртқа әсер еткендіктен, әрбір тұлғаның оған қатысты өз пікірі бар», - деп санайды Ж.Бопиева ханым.
«Интернет-форумға қатысушылар жаңа идеялар мен бағыт-бағдарлар ұсынады деген үміттеміз. Сайтта орнатылған барлық баяндамалар мен пікірлер талданып, жинақталатын болады. Интернет-форумға 200-300-дей баяндама түседі деп күтілуде. Үздік жұмыстар еленіп, авторларына ақшалай сыйлықтар табыс етіледі. Оған қоса жекелеген ұсыныс-кеңестер алдағы сәуір айында өтетін G-20 саммитіне жолданатын Ашық хаттың мәтініне енгізілмек. Он-лайн форумның қатысушылары хаттың авторлық ұжымының құрамына кіретін болады», - дейді ғалым.
Ұйымдастырушылар интернет-форумнан үлкен үміт күтуде, оның пікірлер алмасудың пайдалы алаңы атанатындығына сенім артып отыр. Естеріңізге сала кетейік, байқауға қатысқысы келетіндер наурыздың 10-ына дейін [email protected] электрондық пошатасына баяндамаларын жіберулері керек. Баяндамалар «Әлемдік экономикалық дағдарыс: себептері және оның салдарын азайтудың әдістері. G-20 елдеріне арналған Дағдарысқа қарсы ұсыныс-кеңестер», «Әлемдік дағдарыс жағдайында Қазақстан экономикасын дамыту проблемалары мен оның салдарын азайтудың тәсілдері», «Исламдық қаржылық индустрияны дамытудағы мемлекеттің рөлі» деген тақырыптарға арналуы керек.
Форумға қатысушылардың баяндамаларымен және ой-пікірлерімен мына мекен-жайда - http://economyclub.info/forum/ - танысуға болады.