Еуро-2012: Қазақстан-Бельгия 0:2
АСТАНА. Қазанның 9-ы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Кеше футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы «Еуро-2012» чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы кезекті матчын өз алаңында Бельгиямен өткізіп, 0:2 есебімен жеңіліп қалды.
Біздің команданың қақпасына екі голды да Марвин Огунжими соқты. Осылайша, Қазақстан құрамасы іріктеу турнирі аясында өткізген үш ойынның барлығында жеңіліп қалды. Бұның алдында жерлестеріміз Түркия және Австрия командаларына есе жіберген болатын. «А» тобында Германия, Түркия, Австрия, Бельгия және Әзірбайжан құрамаларымен бірге ойнайтын Қазақстан құрамасының қоржынында әзірге бірде-бір ұпай жоқ.
Біздің команда Іріктеу турнирі аясындағы кезекті матчын қазанның 12-інде "Астана-Арена" стадионында Германиямен өткізеді. Германия сапындағы Бастиан Швайнштайгер мен Марсель Янсен алған жарақаттарына байланысты бұл матчқа қатыса алмайды.