«Еуро-2012» кезекті күнінің қорытындысы: украиндықтардың көз жасы, есеп - 0:2
АСТАНА. 16 маусым. ҚазАқпарат - Кеше «Еуро-2012» футболдан Еуропа чемпионатының 7-ші күнінде «Д» тобындағы Укрина құрамасы Донецкідегі «Донбасс Аренада», яғни өз алаңында Франция құрамасын қабылдады.
Ойынның нәтижесі 0:2 есебімен қонақтар пайдасына шешілді.
Басталған ойынды ауа райы бұзды. Шелектеп құйған жауын футбол алаңын телегей теңізге айналдырды. Сондықтан да төрешілер араға 5 минут салып ойынды тоқтатуға шешім қабылдады. Чемпионаттың кезекті кездесуі осылайша кейінге шегерілуі мүмкін деген де қауіп болған еді. Алайда 55 минуттан кейін футболшылар қайтадан жасыл алаңға беттеді.
Үзілістен кейінгі шиыршық атқан француздықтар 15-ші минутта Андрей Пятов қақпасына алғашқы доптарын тоғытты. Дегенмен футболшының ойыннан тыс қалғанын ескерген төреші аталған голды есепке алмады. Осыдан кейін-ақ ойынға жан бітіп, екі құрамада бір-біріне гол соғу мүмкіндіктері болған еді. Бірақ алғашқы тайм 0:0 есебімен аяқталды.
Ойынның екінші бөлігі де тартысты басталды. 53-ші минутта француздық аяқ доп шебері Минез украиндықтардың осал тұсын тауып, доп торда тулады. Араға 2 минут салып Йоан Кабайе есепті еселей түсті.
Осылайша ураиндықтар өз алаңында француздықтарға есе жіберді. Ал табиғаттың тылсым күші де украиндықтардың жеңілетінін сезіп, құрамаға дем беруге келген жанкүйлерлердің көз жасын ойын басталмай жатып-ақ шелектеп төккендей көрінді.