Еуро-2015: Қазақстан жастар құрамасы Исландияны тізе бүктірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан Еуро-2015 іріктеу кезеңінде Қазақстанның жастар құрамасы Исландия командасын тізе бүктірді, деп хабарлайды vesti.kz сайты.
«Астана-Арена» стадионында өткен кездесу 3:2 есебімен аяқталды. Бірінші таймда қазақстандық команда қарсыластарынан екі голға озып кеткен болатын.
Матчтың алғашқы таймында қарсыластардың қақпашысы жіберген қателікті ұтымды пайдаланған қазақстандықтар есеп ашты. Гол авторы Станислав Лунин. Аз уақыттан соң 12-минутта Роман Мұртазаев Қазақстан құрамасының ұпайын еселей түсті.
Екінші таймда исландықтар Стас Покатилов қорғаған қақпаға гол салып қана қоймай, есепті 2:2 жеткізген болатын. Алайда Қазақстан футболшылары бір ойыншыға кем ойнап жатқанына қарамастан, матчтың аяқталуына 1 минут қалғанда Исламбек Қуаттың мергендігімен Исландияға тағы бір гол салды.
Осы жеңісінен кейін Қазақстанның жастар құрамасы 9 ұпай еншіледі. Еуро-2015 турнирінің ақтық сыныына өтетін мүмкіндіктері де сақталды.
Енді қазақстандық жас футболшылар топта 18 ұпаймен көш бастап келе жатқан Франция құрамасымен кездеседі. Исландия 12 ұпаймен екінші орында.