03:03, 13 Маусым 2016 | GMT +5
ЕУРО-2016: Германия құрлықтық біріншілікті жеңіспен бастады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Францияда Футболдан өтіп жатқан Еуропа чемпионатында Германия құрамасы Украинаны тізе бүктірді.

Матч 2:0 есебімен немістердің жеңісімен аяқталды.
Ойындағы алғашқы голды 19-минутта Шкодран Мұстафи салған болатын. Бұл есеп негізгі ойындағы уақыт аяқталғанға дейін сақталды. Тек төреші қосқан қосымша уақытта (93-минут) алаңда Гетцені алмастырған Бастиан Швайнштайгер украиндықтарға екінші голды салды.
Айта кетейік, футболдан Еуропа чемпионаты Францияда өтуде. Біріншіліктің аясы биылдан бастап кеңейіп, құрлықтық додада 16 құрама емес, 24 команда ойнайтын болады. Футболсүйер қауым «кәрі құрлықтың» ең мықты құрамаларының қатысуымен 51 матч тамашалай алады.
Еуропа біріншілігі Францияның он қаласында 10 маусым мен 10 шілде күндері аралығында өтеді.
Барлық матчтар «Қазақстан» мен «Қазспорт» телеарналарында тікелей эфирде көрсетіледі.