ЕУРО-2016: Исландиялықтар Қазақстан құрамасының қақпасына жауапсыз 3 гол салды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан құрамасы Еуро-2016 чемпионатының іріктеу сынындағы кезекті матчын Астанада өткізді, деп жазады alaman.kz.
None
None

Матчтың бірінші таймында Қазақстан қарсыластар қақпасына төрт соққы, Исландия сегіз соққы жасап үлгерген. Өкінішке қарай, біздің жігіттердің соққысы нәтиже берген жоқ. Ал қарсыластарымыз екі мәрте Сидельников қорғаған қақпадан саңылау тапты.

20-минутта 36 жастағы «Барселона» мен «Челсиде» ойнаған Эйдур Гудионсен қорғаушылардың қателігін пайдаланып, Сидельниковке жақындай келе оң қапталға шірене тепкен. Біздің қақпашы Гудионсен тепкен доптың бағытын анықтаған, бірақ үлгермеді.

32-минутта Биркир Бьярнасон командаласы тастаған айып добын сәтті пайдаланып, есепті еселеп кетті.

55-минутта Красножан Азат Нұрғалиевтің орнына Ұлан Қонысбаевты шығарып, тактикалық өзгеріс енгізуді ойлаған. Қазақстан есепті қысқартуға барын салған. 62-минутта Бауыржан Исламханның шығарған айып добын Ренат Абдуллин қарсыластар қақпасына баспен бағыттаған. Алайда Исландияны қақпа бағанасы құтқарып қалды.

64-минутта Марк Гурманның орнына Ермек Қуантаев шықты. Қуантаев ойынға шыға сала ескерту алып, «ерекшеленді». Матч кезінде Қазақстан бір гол салуға тырысқанымен нәтиже болмады. Ойын соңында төреші қосқан үш минутта исландиялық Биркир Бьярнасон тағы да қорғаушылардың өрескел қателігін пайдаланып, матчтағы екінші голын салып кетті. Қорытынды есеп - 0:3.

Исландия іріктеудегі бесінші матчын өткізіп, төртінші жеңісіне қол жеткізді. Олар 12 ұпаймен бірінші орынға шықты. Ал Қазақстан төртінші рет жеңілді. Красножан баптайтын командада бір ұпай бар.

Матчты шамамен 13000 адам тамашалады.

Соңғы жаңалықтар