ЕУРО-2016: Польша Солтүстік Ирландиядан басым түсіп, алғашқы ұпайға ие болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Францияда Футболдан өтіп жатқан Еуропа чемпионатында Польша мен Солтүстік Ирландия құрамалары кездесті.
Матч 1:0 есебімен польшалықтардың жеңісімен аяқталды.
Ойындағы жалғыз голды 51-минутта Польша футболшысы Милик салған болатын. Польша құрамасы үш ұпаймен «С» тобында әзірге көш бастап тұр. Бүгін бұл топта Германия мен Украина құрамалары өзара кездеседі.
Айта кетейік, футболдан Еуропа чемпионаты Францияда өтуде. Біріншіліктің аясы биылдан бастап кеңейіп, құрлықтық додада 16 құрама емес, 24 команда ойнайтын болады. Футболсүйер қауым «кәрі құрлықтың» ең мықты құрамаларының қатысуымен 51 матч тамашалай алады.
Еуропа біріншілігі Францияның он қаласында 10 маусым мен 10 шілде күндері аралығында өтеді.
Барлық матчтар «Қазақстан» мен «Қазспорт» телеарналарында тікелей эфирде көрсетіледі.