Еуро-2016: Ресей Словакиядан жеңіліп қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің футбол құрамасы Еуропа чемпионаты матчында Словакия командасынан 1:2 есебімен жеңіліп қалды, деп хабарлайды РИА Новости.
Кездесу Францияның Лилль қаласындағы "Поль Моруа" стадионында өтті.
Ойын басталысымен допты Ресей құрамасы өз бақылауларында ұстап отырды. Дегенмен қақпаға қауіпті шабуыл жасайтындай үлкен қауқар көрсете алмады. Алғашқы голды кездесудің 32-минутында Словакия сапынан Владимир Вайс салды. Ресейліктер бұл голға қарымта гол салуға соншалықты асығыстық танытпады. Сол сылбыр қимылы үшін словактар орыстарды тағы бір мәрте жазалады.
Екінші голдың авторы 45-минутта Марек Гамшик атанды. Екінші таймда да ойын сылбыр өтті. Тек ойын соңында ресейліктер шабуылда белсенділік таныта бастады. Ойынға жаңадан шыққан Глушаков кездесудің 80-минутында есепті 2:1-ге жеткізді. Осы голдан соң шабыт алған Ресей құрамасы үсті-үстіне шабуыл жасауға тырысты. Алайда күш сарқылғандықтан, қарсылас команданың қақпасына доп енгізу мұң болды. Қорытынды есеп - 2:1 словактардың пайдасына шешілді.
Осылайша топтық кезеңнің қорытынды туры алдында ресейлік құраманың еншісінде 1 ғана ұпай бар. Ал словактарда 3 ұпай. Ертең Англиямен ойнайтын Уэльс командасында да 3 ұпай бар.
Айта кетейік, футболдан Еуропа чемпионаты Францияда өтуде. Біріншіліктің аясы биылдан бастап кеңейіп, құрлықтық додада 16 құрама емес, 24 команда ойнайтын болады. Футболсүйер қауым «кәрі құрлықтың» ең мықты құрамаларының қатысуымен 51 матч тамашалай алады.
Еуропа біріншілігі Францияның он қаласында 10 маусым мен 10 шілде күндері аралығында өтеді. Барлық матчтар «Қазақстан» мен "Қазспорт" телеарналарында тікелей эфирде көрсетіледі.
Евро-2016-ның келесі кезеңіне әр топтан екі мықты команда шығады. Сондай-ақ үшінші орын алғандар қатарынан 4 команда жолдама алады.