ЕУРО-2016: Швейцария құрамасы Румыниямен болған ойында жеңілістен аман қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан Еуропа чемпионатының топтық кезеңінде Швейцария мен Румыния тең түсті.
Бүгін Парижде «Парк де Пренс» стадионында өткен матч 1:1 есебімен аяқталды.
Алғашқы гол 18-минутта пенальтиден соғылды. Гол авторы - Богдан Станку.
Швейцариялықтар есепті бірден теңестіріп кетуге мүмкіндік алды, алайда Фабиан Шердің тепкен добын қақпашы Чиприан Тэтэрушану тосып алды. Кейін румындықтар сапынан Александру Крипчу да қауіпті шабуыл авторы атанды. Оның ізін ала Габриэль Торже де қақырата доп тепкен еді, бірақ ол қақпа маңдайшасынан кейін серпілді.
Жалпы бірінші тайм негізінен швейцариялықтардың нәтижесіз шабуылдарымен аяқталды.
Екінші таймда Румыния футболшылары белсенділік танытты. Ал швейцариялық команда есепті теңестірудің амалдарын жасап әлек болды. Бұл іс оларға нәтиже әкелді. 57-минутта Адмир Меxмеди бұрыштамадан берілген пасты тиімді пайдаланып, сол аяғымен алыс бұрышқа допты «сүңгітіп» жіберді. Есеп - 1:1. Матч соңына дейін өзара шабуылдар орын алды. Бірақ есеп қазының ысқырығына дейін өзгерген жоқ.
Осылайша, «А» тобындағы Румыния өзінің алғашқы ұпайын еншіледі. Ал Швейцария құрамасында 4 ұпаймен көш бастап тұр, дегенмен бір ойын кем өткізген Францияда әзірше 3 ұпай бар. Бірде бір ұпай еншілемеген Албания командасы соңғы орынға жайғасып отыр.
Айта кетейік, футболдан Еуропа чемпионаты Францияда өтуде. Біріншіліктің аясы биылдан бастап кеңейіп, құрлықтық додада 16 құрама емес, 24 команда ойнайтын болады. Футболсүйер қауым «кәрі құрлықтың» ең мықты құрамаларының қатысуымен 51 матч тамашалай алады.
Еуропа біріншілігі Францияның он қаласында 10 маусым мен 10 шілде күндері аралығында өтеді.
Барлық матчтар «Қазақстан» мен «Қазспорт» телеарналарында тікелей эфирде көрсетіледі.