20:56, 12 Маусым 2016 | GMT +5
ЕУРО-2016 турнирінде Түркия Хорватиядан ұтылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Францияда Футболдан өтіп жатқан Еуропа чемпионатында Түркия мен Хорватия құрамалары кездесті.

Матч 0:1 есебімен xорватиялықтардың жеңісімен аяқталды.
Бірінші таймда Хорватия футболшыларының белсенділігі басым болды. Дегенмен қақпаға гол тек бірінші кезеңнің 41-минутында енді. Лука Модричтің алыстан шірене тепкен добына қақпашы Бабажан тосқауыл бола алмады.
Айта кетейік, футболдан Еуропа чемпионаты Францияда өтуде. Біріншіліктің аясы биылдан бастап кеңейіп, құрлықтық додада 16 құрама емес, 24 команда ойнайтын болады. Футболсүйер қауым «кәрі құрлықтың» ең мықты құрамаларының қатысуымен 51 матч тамашалай алады.
Еуропа біріншілігі Францияның он қаласында 10 маусым мен 10 шілде күндері аралығында өтеді.
Барлық матчтар «Қазақстан» мен «Қазспорт» телеарналарында тікелей эфирде көрсетіледі.