EURO - 2024: Швейцария мен Шотландия тең ойынға қанағат білдірді

Швейцария-Шотландия
Фото: championat.com

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының алтыншы ойын күнін А тобында Шотландия мен Швейцария құрамалары түйіндеді.

Алғашқы турда Швейцария Венгрияны 3:1 есебімен тізе бүктірсе, Шотландия Германиядан 1:5 есебімен ойсырай жеңілді.

Бүгінгі ойында Швейцария жеңіске жеткен жағдайда плей-офф сатысына жолдамаға қол созатын еді.

Кездесу барысында шотландиялық Скотт Мактоминей 13-минутта өз құрамасын алға шығарды. Оған швейцариялық Шердан Шакири 26-минутта бір голмен жауап қайырды. Ол осындай ірі турнирлердің оныншы голының авторы атанды. Бұл көрсеткішімен Роберто Баджо (9), Робин ван Перси (9), Фернандо Торрес (9), Карим Бензема (7), Златан Ибрагимович (6), Рауль (6) секілді тәжірибелі футболшыларды артқа қалдырып кетті. Ол үш әлем чемпионаты мен үш Еуропа чемпионатында гол соққан футболшының бірі болды.

Ойынның 33-минутында швейцариялық Дану Ндоя гол соққан еді. Футболшының ойыннан тыс қалуына байланысты оны словакиялық бас төреші Иван Кружляк есепке алған жоқ.

Құрамалар 1:1 есебіне қанағат білдірді.

Айта кетсек, аталған топта 19 маусымда Германия Венгрияны 2:0 есебімен жеңіп, плей-офф сатысына берілген алғашқы жолдамаға ие болды.

Еске салсақ, В тобындағы екінші турда Хорватия мен Албания 2:2 есебімен тең түсті.

Енді 20 маусымда С тобында Словения мен Сербия, Дания мен Англия ойнаса, В тобында Италия мен Испания шеберлік байқасады.

Соңғы жаңалықтар