EURO - 2024: Германия екінші жеңісіне қол жеткізді

футбол
Фото: championat.com

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының алтыншы ойын күнінде А тобында Германия екінші жеңісіне қол жеткізді.

Германия құрамасы бүгін Венгриямен сынға түсті. Олар бірінші турда Шотландияны 5:1 есебімен ойсырата жеңсе, Венгрия Швейцарияға 1:3 есебімен есе жіберді.

Сондықтан бүгінгі ойын екеуі үшін де маңызды болды. Неміс фцтболшылары жеңіске жетсе, плей-офф сатысына ертерек жолдама алатын еді.

Ал венгриялық футболшылар тағы сәтсіздікке ұшыраса, еліне ертерек бет түзейтін.

Кездесу барысында Германия алғашқы минуттан басымдық танытып, қарсылас қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Нәтижесінде 22-минутта Джамал Мусиала Венгрия қақпасынан саңылау тапты. Бұл - жас футболшының доп додасында соққан екінші голы.

Екінші кезеңде де Германия құрамасы тізгінді қолдан берген жоқ. Арасында венгриялық футболшылардың таразы басын теңестіретін мүмкіндігі болды. Десе де оны голға айналдыра алмады.

Есесіне германиялық Илкай Гюндоган 67-минутта өзіне берілген мүмкіндікті мүлт жіберген жоқ. Әріптесі Максимилиан Миттельштедттің 67-минутта берген пасын қақпа торында тулатты.
Осылайша Германия қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсіп, плей-офф сатысына берілген алғашқы жолдамаға ие болды.

Айта кетсек, аталған топта бүгін Шотландия мен Швейцария кездесуі 00.00-ге белгіленген.
Еске салсақ, В тобындағы екінші турда Хорватия мен Албания тең түсті.



Соңғы жаңалықтар
telegram