Еурокодтарды енгізу құрылыс саласын техникалық реттеу жүйесіне жүргізілетін реформалардың негізі - С. Нокин
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин айтты. «2010 жылы 58 бөлімнен тұратын барлық 10 еуропалық кодтар аударылып, оларды қолдану жөнінде нұсқаулықтар әзірленеді. Сондай-ақ, «Нормалау жөніндегі Еуропалық ұйыммен» бекітілген еуропалық кодтарды сатып алу және оларды қолдану бойынша барлық міндетті процедуралар сақталатын болады. Бұл жағдай Қазақстанның құрылыс саласында шетел инвесторларының қызметі үшін техникалық кедергілерді жоюға және 2011 жылдан бастап еурокодтарды қолдануға мүмкіндік береді», деді С. Нокин.
Оның сөзіне қарағанда, өтпелі кезеңде қолданыстағы қазақстандық нормативтер еурокодтармен бірге қатар пайдаланылады. Одан кейін, 2011-2012 жылдары еурокодтардың барлық 58 бөліміне ұлттық нормалар мен стандарттармен толықтырылған (материалдарға, жұмыстарға, сынақтарға арналған) ұлттық қосымшалар, сондай-ақ жобалаушылардың анықтамалары, басқару құжаттары және тағы да басқалар әзірленеді. Олар әзірленіп, қолданысқа енгізілген сайын ескірген қазақстандық нормативтер жойылады. «Осы бағытта, Қазақстанға тән табиғи-климаттық жағдайларға байланысты барлық есептеулерге инженерлік-техникалық зерттеулерді мұқият жүргізу жұмыстарының ауқымды көлемін орындау қажет. Сонымен қатар, кейбір заңнамалық актілерге және заңға тәуелді актілерге құрылыс саласының техникалық реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілетін болады», деді Агенттік төрағасы.