Еурокомиссар Ф.Хоган ЕО пен ҚР-ның аграрлық-азық-түлік саласындағы ынтымақтастық перспективаларын жоғары бағалады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі Еуропалық комиссар Фил Хоганмен кездесу өткізді. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.
Тараптар ҚР-ЕО желісі бойынша өзара іс-қимылдың жағдайы мен перспективаларына қатысты, оның ішінде 2015 жылдың 21 желтоқсанында қол қойған кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы Келісім шеңберіндегі мәселелердің кең ауқымын талқылады.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары айтып өткендей, Еуропалық Одақ қазақстандық сыртқы саясаттың маңызды векторларының бірі және сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың басымдықты бағыты болып табылады.
Бақытжан Сағынтаев кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы қол қойылған Келісім Қазақстан мен ЕО арасындағы саяси, экономикалық және мәдени байланыстарды жан-жақты дамытуға мықты негіз болуды көздейтінін баса айтты.
Құжат екіжақты өзара іс-әрекеттегі, оның ішінде аграрлық-азық-түлік саласындағы, ауыл шаруашылығын дамытудағы, азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы өзекті сын-тегеуріндерді шешуде жаңа мүмкіндіктер ашады.
Өз кезегінде Фил Хоган ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың кең перспективаларын атап өтіп, ҚР және ЕО арасындағы диалогты дамыту динамикасын жоғары бағалады. Еуропалық Комиссар сондай-ақ кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы Келісім сауда-инвестициялық бағыттағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтатынына сенім білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ауыл шаруашылығы, АӨК-тегі бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру саласындағы мәселелер кешенін конструктивті талқылауды жалғастыруға ниет білдірді.