Еурокомиссия Apple, Starbucks және Fiat Finance and Trade компанияларына қатысты тексеруді бастады
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Еурокомиссия ЕО аумағында салық төлеуден жалтару мәселелері бойынша Apple, Starbucks және Fiat Finance and Trade компанияларының қызметіне қатысты тергеуді бастады. Бұл туралы Еурокомиссияның баспасөз қызметінен хабарлады.
Еурокомиссияның тексерулері Ирландияда Apple компаниясына, Нидерландыда Starbucks-ке және Люксембургте Fiat Finance and Trade қаржылық компаниясына ұсынылатын салықтық жеңілдіктерге бағытталмақ. Тергеу шаралары бастамашыларының пайымынша, аталған елдерде бұл компанияларға ұсынылған салықтық жеңілдіктер заңсыз мемлекеттік субсидиялау болып саналуы мүмкін. Айта кетейік, Apple - жеке және планшеттік компьютерлерді, дыбыс плейерлерін, телефондарды өндіретін американдық компания. Ал Starbucks АҚШ компаниясы кофе сатумен айналысады. Fiat Finance and Trade - қаржылық нарықтарда белсенді жұмыс істеп жүрген люксембургтік компания.