Еурокомиссия Facebook пен WhatsApp-тың бірігуін құптады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еурокомиссия Facebook пен WhatsApp-тың бірігуін қош көрді, деп хабарлайды Reuters.
«Біз бұл келісімді егжей-тегжейлі зерделеп, нарықтағы бәсекелестікке теріс ықпалын тигізбейді деген қорытындыға келдік. Тұтынушылар бұрынғыдай көптеген қосымшаларды кеңінен пайдаланыла алады», - деді бәсекелестік жөніндегі комитет басшысы Хоакин Альмуния.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың ақпан айында Facebook WhatsApp-ты $19 млрд.-қа сатып алмақ ниетте екенін жеткізген еді. Бұған дейін Facebook Instagram-ды $1 млрд.-қа сатып алған-ды. Аталмыш келісімді сәуір айында АҚШ-тың федералдық сауда комиссиясы мақұлдады. Олар тек пайдаланушылардың мәліметтерінің қауіпсіздігі мақсатында Facebook WhatsApp пайдаланушыларының жеке мәліметтерін жарнама үшін пайдаланбауы тиіс деген шарт қойды. WhatsApp серивсінде ай сайын 450 млн. пайдаланушы болады, олардың 70% күн сайынғы белсенді қолданушы болып табылады. Сондай-ақ мұнда күніне 1 млн.-ға жуық жаңа пайдаланушы тіркеледі. Facebook WhatsApp-пен бірігу пайдаланушылар саны мен белсенділігін арттырып, екі компания үшін де тиімді болмақ, деп санайды.