08:22, 08 Қаңтар 2009 | GMT +5
Еурокомиссия төрағасы Ресей мен Украинаны Еуропаға газ жеткізілімін жандандыруға шақырды
МӘСКЕУ. Қаңтардың 8-і. ҚазАқпарат – Украина газдың ұрланғаны туралы Ресей тарапының айыптауларын теріске шығаруда.
Сәрсенбі күні журналистердің алдында осындай мәлімдеме жасаған Украинаның сыртқы істер министрінің орынбасары Константин Елисеев, «сәрсенбі күні Ресейдің «Газпром» компаниясы Украинаның жыл басынан бері 86 миллион текше метрдей транзиттік газды ұрлағанын мәлім етті. Украина газдың ұрланғаны туралы Ресейдің айыптауын теріске шығарады. Қандай бопсалау әрекеттері жасалып, қандай қоқан-лоққылар көрсетілгенімен біз өз ұстанымымыздан қайтпақ емеспіз», деді. Вице-министр сөзінде, Украинаның еуропалық серіктестерін Ресей тарапынан осындай айыптаулардың болу ықтималдығы туралы бұдан бұрын да ескерткенін айтып өтті. «Себебі, мұндай айыптаулар бірінші рет айтылып отырған жоқ», дейді Елисеев. ҚазАқпарат бұл туралы «РИА «Новости» агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды. Еурокомиссия төрағасы Жозе Мануэль Баррозу сәрсенбі күні болған екіжақты телефон әңгімелері барысында Ресей мен Украинаның премьер-министрлері Владимир Путин мен Юлия Тимошенконы Еуропаға газ жеткізілімін толық көлемде дереу қамтамасыз етуге шақырды. Бұл туралы Еуроодақтың атқарушы билігінің өкілі Пия Арекильде Хансен ханым хабарлап отыр.