Еуроодақ Apple мен Meta компанияларына айыппұл салды

АСТАНА. KAZINFORM — Цифрлық нарықтар туралы заң (DMA) аясында салынған алғашқы айыппұлдар Apple компаниясына – 500 млн еуро, ал Meta (Facebook) компаниясына – 200 млн еуроны құрады.

Apple
Фото: Karsten Wachtmann/ Pixabay

Бүгін Еуропалық комиссия екі ірі технологиялық алпауытты пайдаланушылар таңдауы мен әділ бәсекелестік қағидаларын бұзғаны үшін жазалады. Бұл – Еуроодақтың интернет саласына қатысты маңызды заңдарының бірі бойынша алғашқы айыппұлдар.

Цифрлық нарықтар туралы заң (DMA) технологиялық компаниялар арасындағы әділ іскерлік тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл айыппұлдар АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігімен Еуропа арасындағы интернетті реттеу мәселесіне байланысты жаңа келіспеушілікке ұласуы мүмкін.

Еурокомиссия Apple компаниясына «App Store» дүкенінен тыс қосымшаларды таратуға тыйым салғаны үшін 500 млн еуро айыппұл салды. Комиссияның айтуынша, мұндай шектеулер әзірлеушілерге балама арналарды толық пайдалану мүмкіндігін бермей, тұтынушылардың арзанырақ ұсыныстарға қол жеткізуіне кедергі келтіреді.

Енді Apple компаниясына бұл шектеулерді 60 күн ішінде алып тастау міндеттелді. Әйтпесе, қосымша айыппұлдар салынады. Компания бұл шешімге шағымданатынын мәлімдеді.

Meta компаниясы 2023 жылдың қарашасында Еуроодақтағы пайдаланушыларға «келісім немесе төлем» моделін ұсынғаны үшін 200 млн еуро айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұл модель бойынша қолданушылар деректерін жарнамалық мақсатта пайдалануға келісім беруі немесе жарнама көрсетілмейтін ақылы қызметті таңдауы қажет болды.

Еурокомиссия бұл тәсіл DMA талаптарына сәйкес келмейтінін айтты. Олардың айтуынша, пайдаланушылар Facebook пен Instagram-да дербестендірілген жарнама қызметіне ұқсас, бірақ жеке деректері азырақ қолданылатын балама қызметті тегін пайдалана алуы тиіс.

Еуроодақ өкілдері Meta компаниясының 2024 жылдың қарашасында ұсынған жаңартылған жарнама моделін әлі де бағалап жатқанын хабарлады. Аталған айыппұл DMA заңы 2024 жылдың наурызында заңды күшіне енгеннен кейінгі сегіз ай ішінде анықталған сәйкессіздікке байланысты салынып отыр.

Айта кетейік, Еуроодақ азаматтары үшін Ұлыбританияға кіру ақылы болады.

Соңғы жаңалықтар