Еуроодақ «Азаттық флотилиясымен» байланысты оқиғаның халықаралық деңгейде тексерілуін қолдады
БРЮССЕЛЬ. Тамыздың 4-і. ҚазАқпарат /Димаш Сыздықов/ - Еуропалық Одақ БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның Газа секторына гуманитарлық жүк апара жатқан «Азаттық флотилиясына» Израиль тарапынан жасалған шабуылдың мән-жайын тексеру үшін халықаралық комиссия құру туралы бастамасына қолдау білдірді,
деп хабарлады Еурокомиссияның баспасөз қызметінен.
Еуроодақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кэтрин Эштон ханым: «Еуроодақ халықаралық стандарттарға жауап беретін ашық, әділ, тең және жария тексеруді қолдайды. Халықаралық тексерудің нәтижесін біз асыға күтетін боламыз», деді.
4 адамнан тұратын халықаралық комиссияның төрағалығына Жаңа Зеландияның экс премьері Джефри Палмер тағайындалды. Ал оның орынбасарлығына тамыздың 7-сінде өз өкілеттігін тапсыратын Колумбияның қазіргі президенті Альваро Урибе белгіленді. Комиссия құрамына сондай-ақ Түркия және Израиль өкілдері де кіретін болады, олардың есімдері жақын күндері жария етіледі.
ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлағандай, гуманитарлық жүк тиелген және құқық қорғаушылар мінген 7 кеме Израиль әскерилерінің қоршауындағы Газа секторына өтпек болған еді. Мамырдың 31-і түнде Израиль арнаулы жасағы «флотилия» кемелерін басып алып, шабуыл барысында орын алған атыс-шабыстың салдарынан 9 адам қаза тапқан, ондаған адам жараланған болатын.