Еуроодақ бізден жаңартылатын қуат сатып алғысы келеді

АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте Қазақстан-Әзербайжан-Өзбекстан үштігі қолға алған энергетикалық жобаның келешегі туралы пікір білдірді.

энергетика, ВИЭ
Коллаж: Pixabay

«Астана экономикалық форумы аясында Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан энергетика министрлері жасыл энергетиканы дамыту және оны келешегі бар нарықтарға тасымалдау туралы келісімге қол қойған болатын. Еуроодақ тарапынан алдын ала жұмыс жүргізілді. Олар таза электр энергиясын сатып алуға қызығушылық білдірді», - деді Алмасадам Сәтқалиев. 

Сондай-ақ, ол Әзербайжан Қара теңіз табанына электр кабелін тарту жобасын зерттеп жатқанын айтты.

«Сәйкесінше үш мемлекет Каспий табанына жоғары кернеулі электр кабелін тарту туралы келісімге қол қойған. Бұл бізге таза жаңартылатын энергияны әлеуетті нарықтарға жеткізуге мүмкіндік береді. Әңгіме үлкен көлемдегі инвестициялар туралы болып отыр. Біз ол үшін Каспий маңындағы өңір мен Аралдың әлеуетін пайдалануды жоспарлап отырмыз», - деді министр.