Еуроодақ елдерінің басшылары Муаммар Каддафиді биліктен бас тартуға шақырды
БРЮССЕЛЬ. 12 наурыз. ҚазАқпарат /Димаш Сыздықов/ - Еуроодақ елдерінің мемлекет және үкімет басшыларының жұма,
11 наурызда Брюссельде өткен шұғыл кеңесінде, еуропалық елдердің басшылары Ливия басшысы Муаммар Каддафиді өз халқына қарсы зорлық-зомбылықты тоқтатуға және биліктен бас тартуға шақырды.
Еуроодақ Кеңесінің Президенті Херман Ван Ромпей кездесудің қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында атап көрсеткендей, Еуроодаққа мүше 27 елдің басшыларының Ливиядағы жағдайды талқылау үшін бас қосуы, аталмыш проблеманың маңыздылығын көрсетсе керек. Соңғы 10 жылдың ішінде мұндай шұғыл кеңес үш рет
шақырылған: Ресей мен Грузияның арасындағы «тамыз оқиғасына», Ирактағы соғысқа және АҚШ-тағы 11 қыркүйектегі лаңкестер шабуылына байланысты. «Біздің оңтүстік шекарамыздағы жақын жерде болып жатқан халық төңкерістерін, жоғарыда атап өткен оқиғалар сияқты маңызды деп санаймыз», - деді еуропалық шенеунік.
Еуропа елдерінің басшылары Ливиядағы демонстранттарға қарсы күш қолдану фактісін тағы да айыптады және Еуроодақтың бейбіт халықты қорғау үшін қолдан келген барлық шараны қабылдайтындарын мәлім етті. Осы мақсатта еуропалық көшбасшылар Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс мемлекеттерімен консультациялар өткізіп, болып жатқан оқиғаларға бірлесіп үн қату мәселелерін талқыламақ. «Біз Араб мемлекеттері лигасына, Африка одағы мен Еуропалық одаққа кіретін елдердің басшыларының қатысуымен жоғары деңгейге шұғыл кездесулер өткізуге шақырамыз», - деді Х.В.Ромпей.
Еуроодақ саммитінде сондай-ақ, Тунис пен Мысырдағы демократиялық өзгерістерге қолдау білдірілді және аталған елдердегі экономикалық және саяси проблемаларды шешуге көмек ұсынылды.