11:25, 19 Қаңтар 2009 | GMT +5
Еуроодақ газ бойынша Ресей мен Украинаның арасында қол жеткізілген келісімді қолдады
БРЮССЕЛЬ. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Ержан Оспанов/ - Еуроодақтағы Чехия президенттігі газ бойынша Ресей мен Украинаның арасында қол жеткізілген келісімді қолдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Ресей мен Украинаның арасындағы келіссөздегі қол жеткізілген ілгерілеушілікті қолдаймыз. Дегенмен, біз реалист болып қаламыз. Өткен күндері біз осындай бірнеше сәтке куә болдық. Еуроодақ үшін ең бастысы - газ жеткізілімінің жандануы», делінген жексенбі күні таратылған өнеркәсіп және сауда министрі М.Ржиманның мәлімдемесінде. Чех министрі сондай-ақ, қаңтардың 17-сі күні Мәскеуде Еуропаға газ жеткізілімін жандандыру жөніндегі Ресей мен Украинаның арасындағы халықаралық конференцияда қол жеткізілген келісімдерге Еуроодақтың біртұтас ұстанымы сеп болғанын атап көрсетті.