Еуроодақ Қазақстаннан шығарылған активтерді қайтаруға көмектеспек

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еуропалық Одақ Қазақстаннан шығарылған активтерді қайтару туралы сұраныстарға қолдау көрсетуге дайын. Бұл туралы Орталық Азия бойынша арнайы өкіл Тери Хакала ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектеновпен кездесуінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Антикорға сілтеме жасап.
None
None

«Агенттіктің еуропалық серіктестермен өзара іс-қимыл мәселелерінде ашықтығы мен дайындығын ерекше атап өткім келеді. Біз өз тарапымыздан Қазақстаннан Еуропаға шығарылған активтерді қайтару туралы сұраныстарға қолдау көрсетуге дайынбыз», - деп атап өтті Тери Хакала.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектеновтің Орталық Азия бойынша арнайы өкіл Тери Хакала бастаған Еуроодақ делегациясымен кездесуі барысында Антикор басшысы 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат Тұжырымдамасының негізгі бағыттарымен таныстырды. Атап айтқанда, тараптар заңсыз баю үшін заңнамалық жауапкершілікті енгізу және кірістер мен шығыстарды жалпыға бірдей декларациялау мәселелерін талқылады. Бизнесті қорғау мәселелері де талқыланды.

Еуропалық әріптестер елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының екпінін оң бағалап, ГРЕКОның Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттары мен озық тәжірибелеріне сәйкестігіне ұмтылысын атап өтті.

Дамудың маңызды векторы Қазақстанның сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы Еуропа Кеңесінің Конвенциясына қосылуға дайындығы аталып өтті. Естеріңізге сала кетейік, тиісті шақыру ағымдағы жылдың 1 шілдесінде келіп түсті.

Қаңтар оқиғасына байланысты азаптау туралы мәлімдемелерге қатысты істерді тергеу сөз болды.

«Қазіргі уақытта 171 іс аяқталды. 177 іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Стамбул хаттамасының барлық талаптары сақталып отыр», - деді Олжас Бектенов.

Агенттік Бас прокуратураның байланыс арналары арқылы қызығушылық танытқан халықаралық қауымдастыққа ақпарат береді.


Фото: t.me/antikornews
Соңғы жаңалықтар