Еуроодақ Қазақстанның бітімгерлік ықпалына үміт артуда
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Келіссөздер барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Еуропалық комиссия төрағасы Жан-Клод Юнкер Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ арасындағы байланысты дамытуға қатысты мәселелерді талқылады.
Сонымен қатар, кездесуде халықаралық күн тәртібіндегі өзекті бағыттар, соның ішінде Украинадағы жағдай мен ЕО-ның Ресейге қарсы шектеу шаралары бойынша пікір алмасылды.
«Біз аймақтық саясат, Украинадағы проблемалар, бізге әсер ететін Ресейге қарсы санкциялар туралы әңгімелестік. Осы бағытта бірлесіп жұмыс жасауға келістік. Бұл Еуропаға да, Ресейге де тиімді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы Қазақстан экономикалық ықпалдастықта негізгі серіктестері болып табылатын өз көршілері - Қытай Халық Республикасы және Ресей Федерациясымен жақын достық қарым-қатынас құрып жатқанына назар аударды.
«Еуразиялық құрлықтың тең ортасында тұрып, теңізге шықпайтын Қазақстан Қытай Халық Республикасы және Ресей Федерациясымен жақын достық қарым-қатынас орнатып жатыр. Олар біздің экономикалық ықпалдастық бойынша негізгі серіктестеріміз», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Еуропалық комиссия төрағасы Жан-Клод Юнкер Еуроодақ маңызды аймақтық үдерістерге қатысатын Қазақстанның бітімгерлік ықпалына үміттеніп отырғанын атап өтті.
«Жақын досымды көргеніме қуаныштымын. Жаһандық мәселелерді, Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы қарым-қатынасты және өзге де өзекті тақырыптарды талқыладық. Аймақтық мәселелерге көп көңіл бөлдік. ҚР айналасындағы елдер және Қазақстанның осы аймақтағы беделі жайлы сөз болды. Біз проблемаларды шешу үшін аймақтағы лидер ретінде Қазақстанның бітімгерлік ықпалына үміттеніп отырмыз», - деп атап өтті Жан-Клод Юнкер.