Еуроодақ Ливия өкіметінің атыс-шабысты тоқтату туралы уәдесінде тұруын жіті бақылайтын болады

БРЮССЕЛЬ. 19 наурыз. ҚазАқпарат /Димаш Сыздықов/ - Еуроодақ Ливия өкіметінің атыс-шабысты тоқтату туралы уәдесінде тұруын жіті бақылайтын болады.

Еуроодақ    Ливия  өкіметінің   атыс-шабысты  тоқтату  туралы  уәдесінде тұруын  жіті   бақылайтын   болады

Бұл туралы Брюссельде өткен арнайы баспасөз мәслихатында Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кэтрин Эштон мәлім етті.

«Біз әріптестерімізбен бірге осы уәденің орындалуын бақылайтын боламыз», деді еуропалық дипломатия жетекшісі.

К.Эштон ханым сондай-ақ, сенбі, 19 наурыз күні Парижде БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен, Араб мемлекеттері лигасының Бас хатшысы Әмір Мұссамен және Африка одағының өкілі Жан Пинмен кездесулер өткізіп, Ливиядағы ахуалды талқылайтынын жеткізді.

Дипломат сондай-ақ, Еуроодақтың Ливия өкіметіне қатысты экономикалық санкцияларды күшейтуге және Ливияның бейбіт халқына гуманитарлық көмек жеткізуді жеделдетуге әзір екенін мәлім етті.

Естеріңізге сала кетйеік, 17 наурызда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Ливия аспанын жабуды және М.Каддафидің режиміне қарсы әскери операция жүргізу мүмкіндігін қарастырған қарар қабылдаған болатын. Осыған жауап ретінде жұма, 18 наурыз күні Ливияның Сыртқы істер министрлігі, ел өкіметінің бүлікшілерге қарсы операцияларды тоқтату туралы шешім қабылдағанын мәлім етті.

Ливия армиясы алдағы жексенбіден бастап көтерілісшілерге қарсы операцияларды уақытша тоқтатып, «оларға қару-жарақтарын тастауға және жарияланып отырған жаппай рақымшылдықты пайдалануға» мүмкіндік бергелі отырғанын ҚазАқпарат бұған дейін хабарлаған болатын.

«Ливияның Қорғаныс министрлігі жексенбі күні сағат 00.00-ден бастап (Мәскеу уақыты бойынша 01.00) қарулы лаңкестік топтарға қарсы әскери операцияларды тоқтатып, оларға қару-жарақтарын тастауға және рақымшылдықты пайдалануға мүмкіндік беру туралы шешім қабылдады», - делінген ведомствоның ресми мәлімдемесінде.