Еуроодақ М.Саакашвилиге қатысты қылмыстық істің қозғалуына алаңдаушылық білдіруде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуроодақ Грузияның экс-президенті М.Саакашвилиге қатысты қылмыстық істің қозғалуына алаңдаушылық білдіруде. Бұл жөнінде ЕО сыртқы саясат қызметінің мәлімдемесінде айтылып отыр.

Еуроодақ М.Саакашвилиге қатысты қылмыстық істің қозғалуына алаңдаушылық білдіруде

«Заңнан ешкім биік емес, дегенмен Грузиядағы қылмыстық қудалау ашық, заңға сай, ешқандай саяси астарсыз болуы тиіс және құқықтық процедуралардың негізінде жасалуы керек. ЕО Грузияның бұрынғы үкіметтің мүшелеріне және қазіргі оппозицияның мүшелеріне қатысты сот процестерін жіті қадағалап отырады», - делінген құжатта.

Еуроодақ грузиялық саясаттың барлық қатысушыларына өткен қақтығыстардың шеңберінен шығып, елдің болашағына көңіл бөлуге үндеуде.

Бұның алдында ҚазАқпарат хабарлағанындай, Грузия прокуратурасы елдің бұрынғы президенті Михаил Саакашвилиге қатысты қылмыстық іс қозғаған болатын.

Ол «қызметін асыра пайдаланып жапа шегушінің ар-намысына тиді» деп айыпталуда. Бұл үшін 8 жылға дейін бас бостандықтан айыру қарастырылған.

Саакашвили 2007 жылы 7 қарашада көтеріліске шыққандарды басып, «Имеди» телекомпаниясын бұзу және бизнесмен Бадри Патаркацишвилидің мүлкін алуға қатысқан деп айыпталуда.

Экс-президентпен бірге бірқатар шенеунік те іс бойынша тергеуден өтуде: ІІМ бұрынғы басшысы Вано Мерабившили, экс-прокурор Зураб Адеишвили, қорғаныс министрлігінің бұрынғы басшысы Давид Кезерашвили, сонымен бірге Тбилисидің бұрынғы мэрі Гиги Укулава.