Еуроодақ өз азаматтарын Ливиядан шығару үшін азаматтық қорғаныс тетіктерін іске қосты
БРЮССЕЛЬ. 24 ақпан. ҚазАқпарат /Димаш Сыздықов/ - Еуроодақ өз азаматтарын тәртіпсіздік орнаған Ливиядан тез арада шығару үшін азаматтық қорғаныстың арнайы тетіктерін іске қосты,
әдетте бұл шара төтенше жағдай немесе табиғат апаты кезінде қолға алынатын. Бұл туралы Еурокомиссияның баспасөз қызметі хабарлады.
Айтылған тетік аясында мониторинг және ақпарат жөніндегі орталықтың қызметі оңтайландырылып, сол орталық арқылы Еуроодаққа мүше 27 мемлекеттің қызметі үйлестіріледі, сонымен қатар Хорватия, Исландия, Лихтенштейн және Норвегия елдерінің де Ливиядан өз азаматтарын шығару қызметі қарайластырылады.
Азаматтарды елден шұғыл алып кету үшін тек ұшақтар ғана емес, теңіз кемелері де жұмылдырылады, олардың күші наразылыққа шыққандар мен қауіпсіздік қызметі арасында қатты қантөгіс болып жатқан Ливияның Бенгази қаласына тартылады.
Еурокомиссияның баспасөз қызметі хабардар еткендей, қазіргі таңда 10 мыңға жуық еуропа азаматы Ливияда қалып отыр. Ал Еуроодақ билігі осы елден қанша еуропалық азаматтың өз күшімен шыға алғандығы жайлы нақты ақпаратты білмеуде.