Еуроодақ РФ Мемлекеттік думасына сайлау нәтижелерін қаперге алды

БРЮССЕЛЬ. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат /Димаш Сыздықов/ - Еуроодақ РФ Федералдық жиналысының Мемлекеттік думасына сайлау нәтижелерін қаперге алды, алайда орын алған «процедуралық бұзушылыққа» алаңдаушылығын білдірді.

Еуроодақ РФ Мемлекеттік думасына сайлау нәтижелерін қаперге алды

ЕО-ның шетел істері және саясат қауіпсіздігі жөніндегі жоғарғы өкілі Кэтрин Эштон осындай мәлімдеме жасады.

«Мен РФ Мемлекеттік думасына сайлау нәтижелерін және ЕҚЫҰ/ДИАҚБ халықаралық байқаушыларының алдын ала қорытындыларында көрсеткендей сайлаудың техникалық жағынан жақсы ұйымдастырылғанын қаперге аламын», - деді К.Эштон.

Сонымен қатар еуропалық сыртқы саясат қызметінің басшысы сайлаудың БАҚ-тарда тәуелсіз жариялануындағы кемшіліктер, тәуелсіз байқаушыларға тәуелсіз мониторинг жүргізуге кедергі жасауға тырысушылық, билік партиясы мен үкімет арасының тым жақындасып кетушілігі сияқты «процедуралық бұзушылыққа» алаңдаушылық білдірді.

«Сонымен бірге алдын ала қорытындыларда көтерілген (халықаралық байқаушылар - автордың ескертуі) мәселелер, сондай-ақ жергілікті байқаушылар келтірген проблемаларды ресейлік өкімет орындары көктемдегі (2012 жылғы - автрдың ескертуі) басты және әділ президенттік сайлау өткізуде қамтамасыз ету үшін ойдағыдай шешеді деп ойлаймын», - деп түйіндеді К.Эштон.