Еуроодақ зиянды қалдық шығаратын көліктерге қойылған тыйымды алып тастады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еуроодақ 2035 жылға қарай ішкі жану қозғалтқыштары бар жаңа автокөлік пен фургондарды сатуға тыйым салу туралы шешімін тоқтатты. Жұма күні мүше елдер бұл келісімді ратификациялауға дауыс беруді кейінге қалдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews агенттігіне сілтеме жасап.
Төрт ел – Германия, Италия, Польша мен Болгария мұндай тыйымның салдарына алаңдайтынын білдірді. Берлин жаңартылатын көздерден алынған синтетикалық отынмен жұмыс істейтін автокөліктерді бұл тізімге қоспауды, Брюссельден мәтінді өзгертуді сұрады. Басқа елдер электрокарға көшу мүмкін екеніне сенбейді.
Еурокомиссия өкілі Дана Спинант «Біз ары қарай қай жолмен жүрген дұрыс екенін шешу және түрлі сауалдарға жауап беру үшін өзіміз де мұндай қауіп-қатерді анық түсініп алуымыз керек» дейді.
Зиянды сорғышты нөлге жеткізу – ғасыр ортасына қарай климат бейтараптығына қол жеткізетін негізгі шаралардың бірі. Еуропа парламенті оны өткен айда дауыс берушілердің сәл ғана басымдығымен мақұлдады. Содан кейін заңнама нақты бекіту үшін мүше-елдерге берілді. Сол кезде жанармай мен дизель отынымен жүретін көліктерден бас тарту туралы шешімге қатысты дау туды. Брюссель 2035 жылдан бастап ЕО нарығында сатылатын барлық көліктердің көмірқышқыл газы қалдықтарын 100%-ға қысқартуды көздеп отыр.
Еурокомиссия мұндай қысқа мерзімді айтқан себебі автокөліктердің орташа қызмет ету уақыты 15 жыл, ал ЕО елдерінің «Жасыл келісімі» жалпы экономика, оның ішінде көліктің де 2050 жылға қарай экологиялық таза болғанын қалайды.
Былтыр Италия, Португалия, Словакия, Болгария мен Румыния инфрақұрылымды электр көлігіне ыңғайластыруға ұзағырақ уақыт беру үшін тыйымды 2035 жылдан 2040 жылға ауыстыруға шақырды.
Дауыс беру уақытын кейінге қалдыру туралы шешімді ЕО-та төрағалық етіп отырған Швеция қабылдады. Ол мүше елдер «уақыты келгенде» бұл мәселеге қайта оралатынына уәде беріп, нақты мерзімін айтқан жоқ.