Еуроодақпен серіктестікті кеңейту келісімін ратификациялау мәселесі талқыланды

Іс-шара ҚР Парламенті Мәжілісі Халықаралық, қорғаныс және қауіпсіздік істері комитетінің басшысы Мұхтар Ерман мен Еуропалық парламенттің Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық жөніндегі делегация басшысы Ивета Григуле-Петерстің төрағалығымен өтті.
«ЕО Қазақстанның ірі сауда-экономикалық серіктесі, ал біздің еліміз - Еуроодақтың Орталық Азиядағы маңызды әріптесі. Сондықтан, Еуропарламентпен қарым-қатынасымыз серпінді түрде дамитынына сенімдімін», - деді М.Ерман.
Мәжілісмендер мен сенаторлар еуропалық әріптестерімен бірге Еуропалық одақ пен Қазақстандағы ахуалды, өңірлік қауіпсіздіктегі қауіп-қатерлерді, терроризм және экстремизммен күрес, сондай-ақ есірткінің заңсыз айналымына қарсы тұрудағы өзекті мәселелерді егжей-тегжейлі талқылады.
Сонымен қатар, парламент мүшелері көші-қон түйіткілдерін, Ауғанстандағы және Сириядағы бейбітшілікті қалпына келтірудегі еліміздің рөлін, экономикалық және әлеуметтік реформаларды, энергетика және адам құқықтары мәселелерін қозғады.
Еуропалық депутаттарды Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықтың болашағы, Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және Орталық Азия бойынша ЕО-ның жаңа стратегиясы қызықтырды.
Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау процесіне ерекше назар аударылды. Жаңа буын құжаты Кипр, Италия және Нидерланды парламенттерінің мақұлдауын күтіп отыр.
Кездесу соңында тараптар барлық мәселелер кешені бойынша ынтымақтастық пен диалогты жалғастыруға дайын екендіктерін растады. Парламенттік ынтымақтастық комитетінің кезекті отырысы 2020 жылы өтеді.
Авторы: Тимур Дүйсекеев