Еуроодақта Эболаға қарсы дәрі шығарғанын мәлімдеді
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Вирусқа қарсы «favipiravir» препараты Эболаны жаңа жұқтырған науқасты емдеуге қабілетті. Бұл туралы Ғылыми-зерттеу қызметі және инновациялар мәселелері жөніндегі еурокомиссар Карлос Моедас мәлімдеді.
«ЕО қаржыландыратын жобалардың бірі үміт отын жандырғанына қуаныштымын. Бізде «favipiravir» препаратының Эболаны енді жұқтырған адамдарға шипасы тиетіні жайлы дәлел бар»,- деді Моедас.
Шенеунік жаңа препараттың клиникалық сынақ нәтижесі бойынша тиімділігі расталса, тарихта алғаш рет қатерлі ауруды еңсеруге қабілетті дәрі пайда болатынын атап өтті.
Препаратты зерттеу «Горизонт-2020» ғылыми-зерттеу бағдарламасы аясында жүргізілуде, оны Еуроодақ қаржыландыруда. Бұл бағдарламаның үйлестірушісі Ұлттық денсаулық сақтау және медициналық зерттеу институты (INSERM).
Бұдан бұрын «favipiravir» дәрісін Fujifilm Holdings Corp еншілес компаниясы жапондық Toyama Chemical әзірлегені хабарлаған. 2014 жылы тышқандармен зертханалық жұмыс Эболаға қарсы әрекет етуге қабілетті болуы мүмкін екендігін көрсеткен. Дәрі әлі күнге дейін зерттелу үстінде.