Еуроодақтың қорғаныс министрлері Қытаймен қарым-қатынас пен АҚШ-пен ынтымақтастықты талқылады
АСТАНА. KAZINFORM — 17 қарашада Брюссельде Еуропалық одаққа мүше елдердің қорғаныс министрлері бас қосып, халықаралық қауіпсіздік, Қытаймен қарым-қатынас және АҚШ-пен ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Кездесуге қатысушылар Еуроодақтың тұрақтылығын нығайту және жеткізу тізбегінің сыртқы тәуелділігін азайту жолдары жөнінде пікір алмасты. Бұл ретте стратегиялық әріптестікті дамыту мәселесіне де назар аударылды. Министрлер Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы жағдайды және осы өңірдегі серіктестермен байланысты жандандыру қажеттігін де сөз етті.
Трансатлантикалық қауіпсіздік пен қорғаныс мәселелеріне қатысты министрлер АҚШ Қорғаныс министрінің саясат жөніндегі орынбасары Элбридж Колбимен пікір алмасты.
АҚШ-тың 2025 жылғы Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы мен 2026 жылғы Ұлттық қорғаныс стратегиясы аясында америкалық өкіл елдің әскери қатысуына жүргізіліп жатқан шолу және оның Еуроодақпен алдағы ынтымақтастыққа ықпалы туралы ақпарат берді.
Еуропалық министрлер трансатлантикалық ынтымақтастықтың маңызы зор екенін атап өтті. Талқылау барысында Украинаға бірлесіп қолдау көрсету, сондай-ақ Еуроодақ пен АҚШ және Еуроодақ пен НАТО арасындағы байланысты нығайту мүмкіндіктері қарастырылды.
Испания өз кезегінде кеңес мүшелеріне «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» күн тәртібі бойынша Еуроодақтың арнайы өкілін тағайындау бастамасы туралы ақпарат берді.
Отырыс қарсаңында Еуроодақ елдерінің қорғаныс министрлері Еуропалық қорғаныс агенттігінің (EDA) Басқарушы кеңесінің отырысын да өткізді. Онда 2026 жылға арналған қорғаныс саласындағы үйлестірілген жыл сайынғы шолу (CARD), қорғаныс саласындағы жеткізілім қауіпсіздігі жөніндегі бірлескен мәлімдеме мақұлданып, агенттік бюджетін ұлғайту келісілді.
Бұған дейін Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Бельгия Корольдігі Премьер-министрінің орынбасары, сыртқы істер, Еуропа істері және даму саласындағы ынтымақтастық министрі Максим Превомен кездескен еді. Келіссөздер Еуроодақ, Қара теңіз аймағы, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия арасындағы өңіраралық өзара байланыс жөніндегі екінші министрлік кездесуден кейін өтті.
Брюссельге жұмыс сапары аясында Мұхтар Тілеуберді Еуропаның бірқатар елінің өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізіп, бельгиялық бизнес өкілдерімен, соның ішінде Sarens Group, Ahlers Logistics және басқа компаниялармен келіссөз жүргізді. Тараптар логистикаға инвестиция салу және Орта дәлізді цифрландыру мәселелерін талқылады.