Еуроодақтың 16 елшісі Астана мектептерінде сабақ өткізді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Еуропа күні» жыл сайынғы мерекесі аясында Еуропалық одақтың өкілдігі елшілер мен дипломаттармен бірге Астанадағы 16 мектепте «Еуропа Күндері Сағаты» атты тақырыпта сабақ өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астанадағы Еуропалық одақ өкілдігінің баспасөз қызметінің хабаралуынша, осы шараның аясында елорда оқушылары Еуропалық одақ ұйымының қызметі жайында және Қазақстан мен Еуропалық одақ байланысы туралы мәліметтерге қанықты.
Атап айтқанда, Еуропалық одақтың, Болгария, Чехия, Германия, Эстония, Греция, Испания, Италия, Литва, Латвия, Венгрия, Нидерланд, Австрия, Польша, Португалия, Финляндия елшілері ағылшын, француз және неміс тілдерінде Еуропалық одақтың құрылу тарихы, жетістіктері мен әлеуеті, экономикасы, саясаты, мәдениеті мен құндылықтары жайында интерактивті сабақ берді.
Ағылшын және өзге тілдерді жетік меңгерген Астана оқушылары Еуропаның мәдениеті мен тарихы бойынша сұхбаттарға белсене араласты, тіпті 2015 жылы 21 желтоқсанда бекітілген ЕО мен Қазақстан арасындағы кең ауқымды серітестік пен ықпалдастық туралы келісімді де кеңінен талқыға салды. Сабақ соңында ең белсенді оқушыларға елшілер ЕО мен оған мүше мемлекеттерден келген сыйлықтар мен естелік кәдесыйлар табыстады.
9 мамырда Еуроодақ елдерінде жыл сайынғы бейбітшілік пен бірлік мерекесі - Еуропа күні аталып өтеді. Ол, сондай-ақ, ЕО құрылудың бастауын салып берген «Шуман Декларациясы күні» ретінде де белгілі.

Еуропа күні еуропалықтар арасындағы бірлікті нығайту үшін құрылған еуропалық символдың бірі болып табылады. Бұл мереке Еуроодақ елдерінде 1950 жылғы 9 мамырдағы Шуман декларациясы қабылданған күн құрметіне аталып өтеді. Оған сәйкес Еуропалық одақтың алғашқы нұсқасы Еуропалық қоғамдастық құрылды. Еуропа күнін 9 мамырда атап өтуді 2008 жылғы қазанда Еуропалық парламент ресми түрде бекітті.
