Еуроодақтың жоғары өкілі Қырғызстанды жаңа коалициялық үкіметімен құттықтады
БРЮССЕЛЬ. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат /Димаш Сыздықов/ - Еуроодақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кэтрин Эштон Қырғызстанды жаңа үкіметтің құрылуымен құттықтады, деп хабарлады еуропалық шенеуніктің баспасөз қызметінен.
«Жаңа конституция қабылданғаннан және 2010 жылы 10 қазанда өткен парламенттік сайлаудан кейін Қырғыз Республикасының жаңа коалициялық үкіметті құруымен құттықтаймын. Бұл елдегі конституциялық тәртіпті қалпына келтіру және демократияны әрі қарай нығайту жолындағы маңызды кезең болып табылады. Республикадағы реформаларға, атап айтқанда, әлеуметтік-экономикалық даму және ұлттық бітімгершілік саласындағы реформаларға Еуроодақтың қолдау көрсетуге әзір екенін тағы да атап өкім келеді», деді К.Эштон.
Өткен жұмада , 18 желтоқсан күні Қырғызстан Жогорку Кенешінің екінші мәжілісінің қорытындысы бойынша депутаттар Парламент спикерін және ел Премьер-Министрін сайлағанын ҚазАқпарат хабарлаған болатын. Қырғызстанның Социал-демократиялық партиясы, «Атажұрт» және «Республика» партияларынан құрылған коалиция бұл лауазымдарға өз кандидаттарын ұсынды. Сонымен, Жогорку Кенеш спикері болып «Атажұрт» партиясының мүшесі Ахматбек Келдібеков, Премьер-министр болып Алмазбек Атамбаев сайланды.