Еуропа әуежайларында адам денесін сканерлеп, көшіру құрылғысын түгелдей орнатудың уақыты келген жоқ
БРЮССЕЛЬ. 18 ақпан. ҚазАқпарат /Димаш Сыздықов/ - Еуроодаққа мүше мемлекеттердің әуежайларында адам денесін сканерлеп, көшіретін құрылғыларды түгелдей орнатудың уақыты келген жоқ,
себебі адам денсаулығы үшін қауіп төндіреді және адам құқығы бұзылуы мүмкін.
Брюссельде өткен жалпы отырыс барысында Еуропалық Одақтың Экономикалық және әлеуметтік комитетінің өкілдері осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды осы ведомствоның баспасөз қызметі.
Бұрын лаңкестікке қарсы күрес аясында еуропалық әуежайларда адам денесіндегі жарылғыш затты, есірткіні, қару мен улы заттарды анықтай алатын адам денесін сканерлеу құрылғысын түгел орнату көзделген еді. Және де әуежайы қызметкерлері осы құрылғы арқылы адам денесін киім сыртынан көре алады. Алайда бұл бастама адам құқықтарын бұзу деп санайтын Еуропа азаматтары арасында наразылық тудырды.
Осыған байланысты Еуропалық одақтың Экономикалық және әлеуметтік комитеті алаңдаушылық танытып, әуе жолаушыларын тексеретін қазіргі технологияны ары қарай пайдалана беруді ұсынды. Және де Еуроодақтың консультативті органы сканерлеуді пайдалану адам денсаулығы үшін ешқандай қауіп тудырмайтындығы нақты дәлелденбейінше, бұл құрылғыларды пайдаланбау туралы кеңес берді. Ал егер әуежайларда осындай құрылғы орнатылған болса, жолаушыларға тексерудің басқа әдісін таңдау құқығы берілуі тиісті.