Еуропа бірлігін насихаттайтын фильм «LUX» жүлдесіне ие болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Польшалық режиссер Павел Павликовский түсірген «Ида» фильмі LUX еуропалық киножүлдесінің жеңімпазы атанды, деп хабарлады dw.de.
17 желтоқсан күні Страсбург қаласында Еуропарламент төрағасы Мартин Шульц аталған жүлденің сыйлығын жеңімпазға салтанатты жағдайда табыс етті. Енді Еуропарламент фильмнің субтитрін Еуропалық одақтың ресми 24 тіліне аудару үшін арнайы қаржы бөлетін болды. «Ида» фильмі 1960 жылдардағы оқиға туралы түсірілген. Көркем фильм желісі бойынша, Польшадағы монастырь тәрбиеленушісі жас қыз кенеттен өзінің шыққан тегі туралы трагедиялық оқиғаны біледі. Фильм премьерасы 2013 жылдың 25 қазан күні болған.