Еуропа чемпионатында елді қайламен қорқытқан ер адамға полиция оқ атты

неміс полициясы
Фото: Pexels

АСТАНА. KAZINFORM — Гамбург қаласының орталығында мұзшапқыш алып жүрген ер адамды ұстау үшін полиция арнайы операция өткізді, деп хабарлайды ВВС қала билігіне сілтеме жасап. 

Хабарланғандай, полиция қызметкерлері қарудан оқ жаудырып, оны аяғынан жарақаттауға мәжбүр болған. 

Жергілікті БАҚ бұл оқиға Нидерланд футбол командасы жанкүйерлері аймағының жанында болғанын жазады — сол күні футболдан Еуропа чемпионатында голландықтар Польшамен ойнаған еді. 

Полиция өз мәлімдемесінде ер адамның полиция қызметкерлерін қайламен және «тұтандырғышпен» қорқытқанын айтады.

Полицейлер әуелі оған бұрыш спрейімен тойтарыс беруге тырысқан, содан кейін атыс қаруын қолданған.

Бір полицей шабуылдаушыны тоқтату үшін ескерту оғын атқан, сосын ер адам жерге құлап түскенше бірнеше рет оқ атылды.

Ер адам жараланып, ауруханада жатыр. Өзге зардап шеккендер туралы ештеңе айтылмады.

«Бұл жағдайдың футболға еш қатысы жоқ», — деді Гамбург полициясының өкілі.

Шабуыл жергілікті уақыт бойынша сағат 12:30–да (10:30 GMT) Рипербан көшесінде болды.

Қалада шамамен 30 мың голландиялық жанкүйер және сонша поляк жанкүйері бар. Ойын жергілікті уақытпен сағат 15:00–де басталған, бұл оқиға оған ешқандай әсер еткен жоқ.

Соңғы жаңалықтар