Еуропа даму банкі Қазақстанның жобалары бойынша шұғыл шешім жасай алады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Еуропа Қайта Құру және Даму Банкін құру туралы келісімнің 12-бабының 1-тармағына әдеттегі операцияларға жарғылық капиталдық шектеуді жою мақсатында түзетулерді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды.

«Қазіргі кезде банк капиталының жеткіліктілік нормативтері мен тиісті деңгейлерін қабылдау бойынша шешімді банктің басқарушылар кеңесі бекітеді. Бұл қаржыландыру мәселесі бойынша шешімдерді келісу мен қабылдау рәсімдерін кешіктіреді. Осыған орай банк шұғыл шешімдер қабылдау мақсатында директорлар кеңесіне тиісті құзыреттілік беру мәселесін көтерді. Директорлар кеңесі елдік топтардың атынан ұсынылатын 23 мүше мемлекеттен тұрады. Тиісті түзетулер банктің басқарушылар кеңесінің 2023 жылғы 18 мамырдағы №260 қаулысымен қабылданды. Бұл тұрғыда ұсынылып отырған түзетулерді қабылдау аталған банкке Қазақстанның экономикалық маңызды жобаларын қаржыландыру мәселесін шұғыл шешуге мүмкіндік береді», - деді ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев.
Оның айтуынша, осы келісімді ратификациялау еліміз үшін теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық салдарға әкеліп соқпайды, сондай-ақ республикалық бюджеттен қаражат бөлуді талап етпейді», - деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Мәжілісі Еуропа даму банкіне қатысты тағы бір құжатты қабылдады.
Осы заң аясында аталған банк Сахараның оңтүстігіне қарай орналасқан Африка елдері мен Ирак мемлекетінде банк операцияларын кеңейту туралы бастамасын көтеріп отыр.
М. Такиев Қазақстан Еуропа Қайта Құру және Даму Банкінің тең құрылтайшысы болғандықтан, еліміздің осы қаржы ұйымындағы үлесі бар екенін атап өтті.
«Еліміз осы банктің акционері саналады. Сондықтан бұл келісімді ратификациялау арқылы біз олардың қызметін ары қарай кеңейтуге мүмкіндік береміз. Біздің үлесіміз 0,23 пайызды құрап отыр», - деп түсіндірді ведомство басшысы.