Еуропа елдерінің нарығына қазақстандық бидайды шығару тиімсіз - А. Мамытбеков
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуропа елдерінің нарығына қазақстандық бидайды шығару экономикалық жағынан тиімсіз. Бүгін Мәжілісте өтіп жатқан Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков осылай мәлімдеді.
«Қазақстанның географиялық жағдайы да, оның тереңконтинентальды орналасу орны да астық тасымалының, оның бағасының бәсекесіне әсер етпей қоймайды. Мәселен, Қазақстаннан бір тонна бидайды Қара теңіз бен Балтық теңіз жағалауына дейін тасымалдаудағы көліктік шығын жүз доллардан асады. Сондықтан да, жоғары протеинді, органикалық астықты қоспағанда, Қара теңіз бен Балтық теңізі порттары арқылы Еуропалық елдердің нарығына, Солтүстік Африка, Таяу Шығыс елдеріне қазақстандық астықты экспорттау экономикалық тұрғыдан еш тиімсіз», - деді Асылжан Мамытбеков.
Бұл ретте министр жоғары көліктік шығындарын бюджеттен өтеу ішкі нарықтағы бағаның құлдырауына әкеп соғатынын атап өтті. Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, осындай тәжірибенің нәтижесінде 2009-2011 жылдары әлемдік баға мен Қазақстанның ішкі нарығындағы бағаның айырмашылығы айтарлықтай болып кеткен. «Бұның бәрі астық өндірісінің шығынды болуына соқтырды, шаруалар жоғары деңгейде егін алып, содан шығынға батып жатты. Тіпті, шаруалар ғана емес, бюджеттен де шығын артты, мәселен осындай жылдары қоймалар жетіспеушілігінен ішкі тасымалдарға қомақты қаражат шығындауға тура келді», - деді А. Мамытбеков.