Еуропа газдың 18 пайызын әлі де Ресейден алып отыр
АСТАНА. KAZINFORM — «ЕО энергетикалық одағының жағдайы» жыл сайынғы баяндамасы Еуропаның әлі де Ресейге арқа сүйейтінін және ЕО атқарушы билігі қазба отынынан бас тартудың баяу қарқынына алаңдайтынын көрсетіп отыр, деп хабарлайды Euronews.
2022 жылдан бері жеткізілімдердің айтарлықтай қысқарғанына қарамастан ЕО өз газының бестен бір бөлігіне жуығы Ресейге тәуелді болып қала береді, ал ЕО-ның энергетика жөніндегі комиссары Кадри Симсон блоктың оны үнемі кеңейтіліп отыратын санкция режиміне қосуға дайын ба деген сұраққа жауап беруден бас тартты.
«Біз Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігіне нұқсан келтірмей, ақырындап ресейлік газдан кезең-кезеңімен бас тартуға толық дайынбыз», — деді Симсон Брюссельде тілшілерге ЕО энергетика одағының жыл сайынғы жағдайы туралы баяндамасын жариялау кезінде.
Баяндамада ресейлік газды тұтыну 150 млрд текше метрден немесе 2022 жылға дейінгі барлық импорттың 45 пайызынан айтарлықтай төмендегенімен, тамыз айына дейінгі сегіз ай ішінде ЕО бұрынғыдай импорттың 18 пайызын Ресейден алғанын мойындайды.
Бұл Ресей әлі де Еуропаның Норвегиядан кейінгі екінші ірі жеткізушісі екенін білдіреді.
Еурокомиссия Ресейдің табиғи газ импортына санкция салуды жоспарлап отыр ма деген сұраққа Симсон Ресей қазірдің өзінде қолда бар барлық тетіктерін жоғалтқанын айтты.
«Кейбір компаниялардың Ресейден әлі де алып жатқан көлемі олардың бізді бұдан былай бопсалауын мүмкін емес етеді — балама нұсқалар бар», — деді Симсон.
Ол Еуропадағы газ қоймаларының қыс басталмай тұрып толып кеткенін атап өтті.