Еуропа балаларды интернеттегі зорлық-зомбылықтан қалай қорғамақ

Еуроодақ интернетте балаларға көрсетілетін сексуал зорлықпен күрес туралы заң дайындап жатыр. Ал құпиялық құқығын қорғаушылар заңда жеке бас құқығына қол сұғу бар деп дабыл қақты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews агенттігіне сілтеме жасап. 

кибершабуыл, кибербуллинг,
Фото: ҚазАқпарат

Брюссельде Еуроодақтан балаларға көрсетілетін сексуал зорлық туралы ережені тезірек қабылдауды талап еткен наразы топ «Онлайн тазалық жасаңыздар!» деп мәлімдеді.

Белсенділер қорғаныш костюмін киіп, қолына тазарту құралдарын ұстап алған. Олар осы арқылы интернеттің балалар үшін лас әрі қауіпті орын екенін жеткізгісі келді.

«Батылдық қозғалысы» ұйымының мүшелері жас кезде өздері де осындай қастандық құрбаны болған. Енді олар ЕО балаларға алымсақтанатын сексуал жауыздарға қарсы шара қолданғанын қалайды.

Ирландиялық белсенді Патрик Стэнфорд ата-аналарға үйдегі компьютердің қандай мақсатта пайдаланылып жатқанын бақылауға шақырады:

«Бес баланың біреуі, балаларыңыздың әр бесіншісі 15 пен 16 жас аралығында сексуал зорлыққа ұшырайды. Көбі виртуал әлемде болады. Өкінішке қарай, әлемде онлайн жасалатын сексуал қастандықтың 60% Еуропада тіркелген», - дейді ол.  

Тексеру туралы заң ірі технология платформаларынан балаларға сексуал зорлық көрсетуге жататын материалдарды іздеп, тыйым салуды талап етеді.

Дегенмен чаттарды бақылау туралы заң жеке бас құқын қорғаушылардың наразылығын туғызды. ЕО-ға үкіметтік емес ұйымдар ашық хат жазып, қазіргі заң Еуропаның жүздеген миллион тұрғынының хатын оқып, құпиялықтан айыруы мүмкін екенін ескертті.

ЕО-ға мүше елдер бұл мәселені қыркүйектің соңында талқылайды. Еуродепутаттар қазанда Іргелі құқық комитетінде чаттарды бақылау туралы дебат өткізіп, содан кейін интернетте балаларға сексуал зорлық жасау мәселесі Еуропа парламентінің пленарлық сессиясының күн тәртібіне енгізіледі.