Еуропа Қайта Құру және Даму Банкінің Орталық Азияға белсенділігі артып отыр - Б. Жәмішев
АСТАНА. 6 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Еуропа Қайта Құру және Даму Банкін құру туралы келісімге алушы елдерде және әлеуетті алушы елдерде арнайы қорлардың қаражатын пайдалануды санкциялайтын түзетуді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.
«Түзетуде Банкке мүше елді Банктің көмегін әлеуетті алушы елдердің қатарына қабылдау шарттары көзделген. Сонымен қатар, Банкте әлеуетті алушы елдердің арнайы қорларын пайдалану мүмкіндігі беріледі. Бұдан бұрын осы норма тек Банктің ресурстарын алушы елдерге ғана қолданылған болатын. Түзетуді қабылдау Қазақстаннан Банктің жарғылық капиталына қосымша жарналар енгізуді талап етпейді», - дейді Қаржы министрі Болат Жәмішев. Министрдің сөзіне қарағанда, бүгінгі күні Еуропа Қайта Құру және Даму Банкінің құрамында 67 мемлекет кіреді. Оның ішінде 30 мемлекет ресурстарды алушы елдерге жатады.
«Жалпы Орталық Азия елдерінің барлығы да Еуропа Қайта Құру және Даму Банкінің қатысушылары болып табылады және осы елдер банктің қаражаттарын белсенді тартуда. 2010 жылы ЕҚҚДБ жалпы келісімдерінің 11 пайызы Орталық Азия өңіріне тиесілі болған еді. Бұл сома 2012 жылы 5 пайызды құрады. Көрсеткіштің төмендеуі негізінен келісімдер санының артуымен (12 пайызға артқан) және олардың жүзеге асырылуының кемуімен байланысты болып отыр. Сондықтан да, Банк Орталық Азия өңірінде аса белсенді», - деді Б. Жәмішев. Оның айтуына қарағанда ЕҚҚДБ бүгінгі күні еліміздегі бірқатар экономикалық маңызды жобалардың жүзеге асуына қатысуда.