Еуропа көшбасшылары Ұлыбританиядағы саммитте қандай келісімге келді

АСТАНА. KAZINFORM — Лондонда Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер ұйымдастырған еуропалық көшбасшылар саммиті мәресіне жетті, деп жазады ВВС.

Еуроодақ
Фото: Анадолу

Саммиттің басты мақсаты - соғысты тоқтату жоспарын әзірлеу.

Дерекке қарағанда, бұл жоспар кейіннен Америка Құрама Штаттарымен талқыланып, кейін бірге жүзеге асырылмақ.

Кездесуге қатысушылар келесі төрт қадамға қатысты келісті:

  1. Соғыс жүріп жатқан кезде Украинаға әскери көмек көрсетуді жалғастыру және Ресейге экономикалық қысымды күшейту.
  2. Кез келген тұрақты бейбітшілік Украинаның егемендігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек, ал Украина келіссөздер үстелінде болуы тиіс.
  3. Егер бейбіт келісімге қол жеткізілсе, еуропалық көшбасшылар Ресейдің Украинаға болашақта кез келген басып кіруіне жол бермеуге тырысады.
  4. Украинаны қорғау және елдегі бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін «қалаулылар коалициясы» құрылады.

Лондондағы саммит қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында Ұлыбритания премьер-министрі көшбасшылар осы қарқынды сақтау және ортақ жоспар бойынша жұмысты жалғастыру үшін жақын арада қайта кездесуге келіскенін айтты.

- Бүгін біз тарихтың тоғысқан тұсында тұрмыз», - деді ол. - Қазір бос әңгіменің уақыты емес, әділ және тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу үшін жаңа жоспардың айналасында әрекет ету және бірігу уақыты келді.

Айта кетейік, бұған дейін Украина Ұлыбританиядан 3,2 миллиард доллар қорғаныс несиесін алатынын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар