Еуропа лигасы: «Ақтөбе» мен «Хёдд» екінші матчын өткізеді
АЛМАТЫ. 25 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін Ақтөбеде Еуропа лигасының екінші іріктеу раунды аясында жергілікті «Ақтөбе» футбол командасы Норвегияның Ульстейнвик қаласының «Хёдд» командасымен қарымта матчын өткізеді.
Ақтөбеліктер сырт алаңдағы алғашқы матчта 0:1 есебімен ұтылған болатын. Бұл олардың Еуропа лигасы аясында Норвегия командаларымен алғашқы кездесуі еді.
Егер негізі 1919 жылы қаланған «Хёдд» қазір Норвегия чемпионатының 1-ші дивизионында 16 команданың арасында алтыншы орында келе жатса, 1967 жылы құрылған «Ақтөбе» Қазақстан Премьер-лигасында биыл көш бастап тұр. Соңғы 3 маусымда Еуропа лигасында бақ сынап жүрген ақтөбеліктер 2010/2011 жылғы маусымда плей-офф кезеңінде сүрінсе, 2011/12 және 2012/13 жылғы маусымдарда үшінші іріктеу раундына дейін жетті. Алдыңғы жылы Ресейдің «Алания-Владикавказ» командасымен қос матчта да 1:1 есебімен тең түскен олар пенальти соғуда ғана 2:4 есебімен қарсыласына жол берген еді. Ал былтыр оның жолын Бельгияның «Генк» командасы кесті. Онда қос матч та 1:2 есебімен аяқталған болатын.