Еуропа лигасы: «Астана» командасы БАТЭ клубынан басым түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» мен БАТЭ Еуропа лигасының плей-офф матчы аяқталды. "Астана Аренада" өткен алғашқы матч 2:0 есебімен қазақстандық команданың басымдығымен аяқталды.

Еуропа лигасы: «Астана» командасы БАТЭ клубынан басым түсті

Бірінші таймда алаң иелері белсенді өнер көрсеткенімен, қарсыластарының қақпасын ала алмады. Дегенмен екінші таймда "БАТЭ" футболшылары көп қателік жасап, голдың соғылуына жол беріп алды.

Алғашқы голды "Астана" шабуылшысы Джуниор Кабананга ойынның 70-минутында салып кетті. Осыдан кейін шабыттанған елордалықтар 80-минутта Азат Нұрғалиевтің көмегімен есепті 2:0-ге жеткізіп, алға шықты.

Қарсылас команда екінші таймның соңында аянып қалған жоқ. Үсті-үстіне шабуыл жасап, "Астана" қақпасын көздеді. Дегенмен қорғаушылар бұл шабуылдарға шебер тосқауыл бола білді.

Айта кетейік, екі ойынның нәтижесінде жеңіске жеткен команда Еуропа лигасының топтық сынына жолдама алады.

Қарымта матч "Борисов-Аренада" 25 тамызда өтпек.

Еске салсақ, Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде "Астана" футбол клубын "Селтик" ығыстырған болатын.