Еуропа одағында газ қоры соңғы 15 жылдағы ең төменгі деңгейге түсті

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропа комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен алдағы қыста газ тапшылығы туындауы мүмкін деген қауіпке байланысты Еуропа одағы елдерінің көшбасшыларына ортақ стратегиялық газ қорын құру мәселесін қарастыруды ұсынды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Еуропа одағында газ қоры соңғы 15 жылдағы ең төменгі деңгейге түсті
Фото: Kazinform

POLITICO басылымының мәліметінше, бұл бастама бейсенбі күні Брюссельде өткен Еуропа елдері көшбасшыларының саммитінде көтерілді. 

Еуропадағы газ қоймаларын коммерциялық компаниялар жыл бойы толтырып отырады. Алайда биыл газ қоры рекордтық төмен деңгейге түскен. Ирандағы соғыс пен Ормуз бұғазы арқылы газ тасымалының бұзылуы жазда бағаның шарықтауына әкеліп, компаниялардың газ қорын толықтыруға деген ынтасын төмендеткен.

ЕО-ның жоғары лауазымды шенеунігінің айтуынша, бұл ұсыныс — газ жеткізу қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған ұзақ мерзімді шара. Ол мұнай мен мұнай өнімдерінің стратегиялық қорын жинақтау тәжірибесіне негізделуі мүмкін. Бірақ оны жүзеге асыру тетігі әзірге нақты айқындалмаған.

ЕО-ның газ жүйесін реформалау жоспары қараша айында жарияланады. Құжатта компаниялардың дағдарыс жағдайында әрекет ету мүмкіндігін арттыру шаралары қарастырылған. Алайда құжатта үкіметтерге нарық жағдайына қарамастан, газ қорын міндетті түрде белгілі бір деңгейде ұстап тұру талабы енгізілмеген.

Еуропа одағының жекелеген елдері газ қорын толықтыруға өздері кірісті. Нидерланд газ сатып алуға субсидия бөліп, бұл мақсатқа 1 миллиард еуроға жуық қаржы жұмсады. Ал Германия ұлттық стратегиялық газ қорын құру мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Еуропалық комиссияның энергия ресурстарын бірлесіп сатып алудың ортақ жүйесін құру туралы ұсынысы ЕО елдері басшыларының тарапынан айтарлықтай қолдау таппаған. Бұл туралы екі дипломат хабарлады.

Энергетикалық экономика және қаржылық талдау институтының (IEEFA) сарапшыларының мәліметінше, қазан айының ортасында Еуропадағы газ қоймаларының 72-74 пайызы ғана толтырылған. Бұл — 2011 жылдан бергі осы кезеңдегі ең төменгі көрсеткіш. Қыс қатты болып, сұйытылған табиғи газ жеткізу шектелсе, Еуропада 14 млрд текше метрге дейін газ тапшылығы туындауы мүмкін. Бұл жалпы газ тұтыну көлемінің шамамен 7 пайызына тең.

Бұған дейін ЕО көшбасшылары Брюссельде маңызды мәселелерді талқылап жатқанын хабарлаған болатынбыз.