Еуропа Одағы Түркияға зілзаладан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына 1 млрд еуро кредит бөледі
Бұл жайында Еуропалық Комиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен бүгін Брюссельде, Түркия мен Сирияға көмек донорларының халықаралық конференциясының ашылуында мәлім етті.
Айтуынша, Еуропа Одағы мен аймақтағы қаржы институттары кредиттен бөлек қосымша жарналар аударады.
Ал Сирияға 108 млн еуро гуманитарлық көмек ретінде бөлінеді.
«Мен Еурокомиссия Түркияға 1 млрд еуро көлемінде кредит бөлетінін хабарлайтыныма қуаныштымын. Сондай-ақ, біз Сирияға гуманитарлық көмек ретінде және алғашқы қалпына келтіру жұмыстарына деп 108 млрд еуро бөлеміз. Бұдан бөлек ЕО елдері мен еуропалық қаржы институттары қосымша жарналар аударады», - деді ол.
Урсула Фон дер Ляйен Еуроодақ Сирияға бағыттайтын көмекті қандай жолмен жеткізетінін нақты айтқан жоқ. Өйткені Сирия қазір Ресейден кейін ең көп санкция салынған ел болып отыр.
Еске салсақ, 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында 7,7, және 7,6 балдық жер сілкіністері болып, дүмпуі Сирияны әбігерге салған. Ресми дерек бойынша, Түркияның өзінде ғана апат салдарынан 50 мыңнан астам тұрғын қаза тауып, 107 мыңнан астам зардап шеккен.