Еуропа Парламентінің депутаттары Қазақстан халқына көңіл айтып жатыр
Қарағанды облысында болған қайғылы жағдайға байланысты Қазақстан халқына Еуропалық Парламент депатуттары да көңіл айтып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
«Қазақстандағы шахтада болған оқиға қабырғамызды қайыстырды. Мерт болғандардың жақындарына көңіл айтамын, зардап шеккендердің жылдам жазылып кетуіне тілектеспін», -деп жазды еуродепутат, Орталық Азия елдері мен Моңғолия бойынша байланыс делегациясының мүшесі Рышард Чарнецкий.
«Костенко шахтасынан жаныңды жабырқатар жаңалықтар жетіп жатыр. Еуропа Қазақстанға көңіл айтады», - деп жазды еуродепутат, «Еуропаның либералдар мен демократтар альянсының» вице-президенті Ильхан Кучук.
29 қазан жалпыхалықтық Аза тұту күні болып жариялануына байланысты Қазақстанның Бельгиядағы елшілігі мемлекеттік туды түсірді.

Бүгін және дүйсенбі күні Брюссель тұрғындары, шетелдік дипломаттар біздің диаспоралардың өкілдері мен азаматтар ҚР дипломатиялық миссиясына көңіл айтып, көңіл айту кітабына қол қоя алады.
Тура осындай мүмкіндік Қазақстанның Люксембургтегі конулдығында да жасалды.