Еуропада полиция операциясы кезінде мыңнан астам адам тұтқындалды
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат -Еуроодаққа 28 мүше-мемлекеттің және 6 одақтас мемлекет - Австралия, Колумбия, Норвегия, Сербия, Швейцария және АҚШ-тың құқық қорғау органдары Еуропада «Архимед» атты ұйымдасқан қылмысқа қарсы операция өткізді, деп хабарлайды «Европолға» сілтемемен ҚазАқпарат тілшісі Брюссельден.
«Европол» директоры Роб Уэйнрайттың айтуынша, «Архимед» операциясы - құқық қорғау қоғамдастықтарының Еуропадағы ұйымдасқан қылмысқа қарсы әрекеттердің шешуші кезеңі.
Шара барысында 1027 адам тұтқындалып, 559 кг кокаин, 200 кг героин, 1,3 тонна марихуана тәркіленіп, 30 бала сатылып кеткелі тұрған жерінен құтқарылды.
Сондай-ақ, «Архимед» операциясы аясында 10 мыңнан астам заңсыз мигрант ұсталып, заңсыз миграцияны ұйымдастырған 170 адам қолға түсті.