Еуропада табиғи газ бағасы арзандады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еуропада әдеттен тыс жылы күн райы жаңа жылдың басында табиғи газ бағасының төмендеуіне ықпал етті. Бұл туралы ҚазАқпарат DW News агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Дүйсенбі, 2 қаңтар күні нидерландық газдың TTF келісім-шарт бойынша бағасы 70,30 мегаватт/сағ-тан басталды.
Еуропалық газ соңғы рет 2022 жылдың ақпанында Ресейдің Украинаға қарсы соғысы басталмай тұрып арзан сатылған.
Біраз уақыттан кейін TTF бойынша баға 73 еуроға дейін өсті. Жалпы, желтоқсан айының басынан баға орта есеппен екі есеге арзандаған.
Рекордтық баға өткен жазда тіркелді (мегаватт/сағ үшін 345 еуро). Бұған Ресейден келетін көгілдір отынның тоқтауы себеп болды.
Еуропада қазіргі жылы ауа райы жағдайында газ тұтыну азайып келеді.
Жаңа жылға қарай Германияда ауа температурасы кей жерлерде 20 градустан да жоғары көтерілді.
Неміс метеоқызметі елде жаңа жыл алдындағы ең жылы күн райын тіркеп, оны үнемі бақылап отырды.
Еуропа елдерінде табиғи газ бағасының төмендеуіне соңғы уақытта жел электростансалары арқылы көбірек энергия өндірілетіні де әсер етті.
Германиядағы газ қоймалары қазіргі уақытта 90 пайыздан астам (90,12 пайыз) толы. Ал газ қоры он бірінші күн қатарынан артып келеді.